Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің портретін мемлекеттік ғимараттарға, жұмыс кабинеттеріне ілмеуге шақырды. Бұл туралы 8 ақпанда президенттің баспасөз хатшысы Галина Байтерек жеткізді.
«Президент Садыр Жапаров қазір елдің жағдайын жақсарту үшін ештеңе істемедім деп есептейді. Сондықтан президент барлық мемлекеттік органдарға портретін ілмеуді сұрап жатыр. Портрет ілгісі келгендер Жусуп Абдрахманов, Исхак Раззаков сияқты елді нығайтуға қызмет еткен мемлекеттік қайраткерлердің суретін ілуге болады», – деді Байтерек.
Қаңтар айының соңында президенттің Оштағы резиденциясының директоры Санжарбек Төлөнбаев Садыр Жапаровтың кілемге тоқылған суретін кабинетіне іліп алғаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланған. Санжарбек Төлөнбаев кілем Жапаров абақтыда отырғанда тоқылғанын айтқан.
Қырғызстанда былтыр 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесіне наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласқанда, 10 жыл жаза мерзімін өтеп жатқан Садыр Жапаровты жақтастары түрмеден шығарған.
10 қаңтарда өткен президент сайлауында С.Жапаров 80% жақын дауыс алып, жеңіске жеткен.