Атырау, Capian Life. Береке ықшамауданындағы №33 үйдің тұрғындары пәтер ішіне жайылған кәріз суының кесірінен әуреге түсті. Жаңа баспанаға 5 ай бұрын көшіп келген жалғысбасты ана Айдана Бағытжанова «Бақытты отбасы» бағдарламасының бақытын көрем деп біраз шығынға батқан.
Айдана БАҒЫТЖАНОВА, тұрғын
Кәдімгі зәр шығып жатқан су кетіп жатыр. Үйімнің ішін иіс алып кетті. Үйге су кеткенгі соншалық, үйден аққан су подьезге кетіп жатыр. Қазір тоқтады, иістің кете қоюы қиын болып тұр. Соның әсерінен, үйдегі заттарға да кесірі тиді. Маған бәрін түзеп беру керек. Толықтай барлық дәлелім бар.
Тұрғындардың сөзінше, бұл алғашқы жағдай емес. Екі күн бұрын болған оқиға бүгінде қайталанып отыр. Оған қоса, тұрғындар жертөледегі тұрбалардың бірі жарылып, оны пәтер иелері корпоративі сапасыз жөндегенін айтады. Ал түсірілім тобына мердігер компания өкілдері жағдайды былай түсіндірді.
Жайна НҰРҒАЛИЕВА, мердігер компанияның сапаны бақылау маманы
Бүгін келіп тазалау жұмыстарын жасадық. Бұл жерде мердігерлердің де қатесі жоқ. Өйткені, біз экспертизадан өткен жоба бойынша жұмыс жасадық. Бәрі жоспар бойынша жасалғаннан кейін, мердігерлердің кінәсі болмайды.
Компания өкілі зиянға ұшыраған баспаналарды жөндеп беруге уәде берді. Ал әкімдіктегілер болса, бұл жайдан хабардар екенін жеткізді.
Батыржан МҰСАҚАЕВ, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы
Канализация бітеліп қалатын жағдайлар орын алып тұрады. Бүгінде үйді салған мердігер мекеменің қызмет көрсету кепілдік уақыты аяқталған жоқ. Келтірілген шығынның орнын толтырды.
Тазалау барысында кәріз құбырынан құрылыс материалдары шыққан. Қазір тұрғын-үйлердің құбырына байланысты ешқандай мәселе жоқ, дейді жауаптылар.