CaspianLife, 30 маусым. Оңтүстік Кореялық компания Қазақстанда газ өңдеу зауытын салады. Бұл туралы lsm.kz өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Қуаттылығы 5 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытының EPC-мердігері оңтүстіккореялық «Hyundai Engineering Co., Ltd.» компаниясы мен «SICIM Kazakhstan LLP» консорциумы болады. Жобаның егжей-тегжейін «QazaqGaz» компаниясы LS басылымына айтты.
Қазіргі уақытта тараптар тек ниет туралы хатқа ғана қол қойды, ал келісімшарттың өзі әлі келісу сатысында жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі мен жобаның түпкілікті құны құжатты келісу аяқталып, негізгі техникалық параметрлер бекітілгеннен кейін анықталады. Іске асыру кестесі де жобалық шешімдер нақтыланғаннан кейін белгілі болады.
Зауыт жыл сайын шамамен 4,1 млрд текше метр тауарлық газ, 350 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газын, сондай-ақ 410 мың тоннаға жуық түйіршіктелген күкірт өндіреді деп күтілуде. «QazaqGaz» өкілдері өндірістің нақты көлемі әлі де түзетілуі мүмкін екенін нақтылады.
Зауыттың ресурстық базасы Қарашығанақ кен орны болмақ: жыл сайынғы 5 млрд текше метр көлеміндегі жеткізілімді кен орнының операторы — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта тараптар бұл мәселе бойынша коммерциялық келіссөздер жүргізуде.
Шығарылатын өнім, ең алдымен, елдің ішкі нарығына бағытталады — бұл жобаның негізгі басымдығы ретінде көрсетілген. Автогазды экспорттау және оның ықтимал көлемдері туралы мәселе ішкі сұраныс толық өтеліп, сұйытылған мұнай газын өндіру балансы нақтыланғаннан кейін ғана қарастырылады.
Бұған дейін LS Энергетика министрлігі Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты жобасының іске асыру барысына көңілі толмайтынын білдіргенін хабарлаған болатын.

