Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорда атауын ауыстыруға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
«Президент қызметінде болғанымда мен бұған әрқашан қарсы болып, түбегейлі тыйым салғанмын. Тәуелсіздіктің әр күні немесе менің туған күнімде менің атымды көшеге, мектепке бергісі келгендер болды. Мен тәмамдаған Абай мектебін менің атыма қалай ауыстыруға болады? Бұл сөзсіз қате ғой. Бұған тыйым салдым. Мұны білесіздер. Келісім бергенім – университет атауы.
Бұл маңызды, әлемге қарасаңыздар, барлық университет сол оқу орнын кім қаласа соның атымен аталады. Идеясын айтып, Назарбаев университетін құрдым. Біріншіден, сол жаққа тарту үшін келістім, екіншіден жастар оқуға қызықсын дедім. Мен келісім берген жалғыз нысан осы. Қате жасаған болсам, айыптымын, мойындаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев «Штрихи к портрету» деректі фильмінің үшінші сериясында.