Атырау, Caspian Life. Атырауға ат басын бұрған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өңірдегі бірнеше бірлестіктің қызметімен танысты. Алдымен ол «Ақпараттық-талдау орталығы» коммунальдық мемлекеттік мекемесіндегі жұмыстың жай-жапсарын бажайлап, кейін дін өкілдерінің ұсыныстарына құлақ түрді. Болашақта облысқа 25 мешіт салуды көздеген имамдар, бұл игі іс – жат ағымдардың теріс іліміне тосқауыл -деп біледі. Сондай-ақ, олар көп ауыл-ауданда рухани орынның жоқтығына қынжылыстарын білдірді.
Министр «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігіне де бас сұқты. Кейін өңірдегі белсенді жастармен жүздесіп, пікір алмасты. Ерікті жастар көмекке мұқтаж әлеуметтік осал топтың ақпараттық базасы болу керектігін алға тартты. Өйткені, кедейдің кебін киюден де тайынбайтын адамдар көп көрінеді. Қалай десек те, Ілияс соңғы жылдары мемлекеттің ақысыз еңбек қылатын азаматтарға оң көзқарас танытқанына разы.
Пандемия кезінде сан түрлі салаға жәрдем қылған волонтерлер өз білімдерін одан әрі шыңдағысы келетіндерін жеткізді. Олардың айтуынша, көпшілікпен жұмыс жасайтын жастар үшін психалық саулықты күшейтетін тренингтер ауадай қажет. Аталған ұсыныстың барлығын ескерген Аида Балаева кездесуден алған әсерімен бөлісті.
Министр пандемиядан біржола құтылған соң еліміздегі еріктілердің басын қосып, тәжірбие алмасуға мүмкіндік жасау жоспарында бар екенін айтты.