Бүгін «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында партияның кезекті сайлауалды отырысы өтті. Онлайн форматта өткен іс-шарада қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер білім беру саласы ардагерлерімен жүздесті.
Онда «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бөлімдері талқыға салынды. Нақытрақ айтқанда, 3 және 6 жас аралығында 100% -дық мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, апатты және үш ауысымды мектептерді толығымен жою және барлық мектептерді білікті оқытушылармен толықтыру, балабақшаларға қабылдау тәртібін цифрландыру, бірыңғай білім беру онлайн – платформасын енгізу, барлық ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты ғаламтор желісімен қамтамасыз ету және сұранысқа ие мамандықтар бойынша орта арнаулы оқу ордаларында тегін оқу үрдісін қалыптастыру сөз болды.
Әңгіме барысында еңбек жолын ұстаздыққа арнаған, мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп, жүзден астам жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға атсалысқан зейнеткер ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, сайлаушылардың мұғалім мәртебесі, олардың қызметтік жалақысы мен қосымша білім беруді дамыту туралы сұрақтарына түсіндірме жауаптар берілді.