Маңғыстау стансасында жолаушының жоғалтқан 4 млн. теңгесі иесіне қайтарылды. Ақша салынған сөмкені желілік полиция қызметкерлері бес күн бойы жедел іздестіру іс-шарасы нәтижесінде тауып берді. Оған дейін сары уайымға түсіп, күні-түні кірпік ілмеген Асқар Жолановтың жұбайы қуанышты хабарды естігенде сақшыларға алғысын жаудырды.
Оқиға былай өрбіген: Жолдасы Асқар, Шымкенттегі баспанасын сатып, Маңғыстау өңірінен үй алуды көздейді. Ал ақшаның бір бөлігін баланың еміне жұмсамақ болыпты. Ол таңға жуық Алматы–Маңғыстау пойызынан түскен бойда жүгін перронға жиыстырып, асығып жүргенде қол сөмкені көлікке салуды ұмытып кеткен. Қыруар қаржы салынған сөмкенің жоқтығын үйіне жеткенде байқапты. Бірден желілік полиция бөлімшесіне хабарласып, арыз жазған. Жедел тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстарының нәтижесінде оның жеке мүлкі табылды.
Еркебұлан ІЗКЕНОВ, Маңғыстау стансасындағы желілік полиция бөлімінің бастығы
Іздеу бес күнге созылды. 1 желтоқсан күні жедел уәкілдер жедел қимылдап, азамат Жолановтың жоғалған қол сөмкесі, ішіндегі 4 млн. теңгесі, құжаттарымен сол пойызда келген жолаушыдан табылды. Сол жерде сөмке куәлердің көзінше тексеріліп, өзіне тиесілі заттары, ақшасы қайтарылды.
Жолановтар әулеті үшін бұл – үлкен қуаныш. Қомақты қаражаттың маңыздылығы өте зор дейді отбасы. Себебі, жоғалып-табылған ақшаның бір бөлігі балаларының еміне жұмсалмақ.