Армения оппозициясы премьер-министрді отставкаға жіберу мақсатынан бас тартпай отыр. Осыған байланысты Ереван үкіметі ғимаратының алдында тағы да наразылық акциясы өтті.
Белсенділер ел астанасының орталық даңғылы мен бірнеше көшесін жауып тастаған. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше акция кезінде 35 адам ұсталған. Пашинянның отставкасын талап ету 9 қараша күні Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату туралы келісімнен кейін басталды. Армения халқы Ереванның Бакуге Келбаджар, Лачин және Агдам аудандарын беруге қарсы. Олар премьер-министрді сатқындық жасады деп айыптап отыр. Бірақ Пашинян бұл жағдайда көрші елмен бітімге келгеннен басқа амал жоқтығын және елдің болашағы үшін осындай қадамға барғандығын алға тартты.
Ел президенті Армен Саркисян да премьер-министрдің отставкаға кетуін және мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуді қолдаған.