ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтау, Атырау және Ақтөбе гарнизондарының әскери бөлімдеріне шақырылған 600-ден астам мерзімді әскери қызметші ант қабылдады. Ақтауда 350 теңіз жаяу әскері Отан алдындағы борышты өтеуге ант берді. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
Салтанатты рәсімге «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияров, қолбасшы орынбасарлары, бөлім командирлері және Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты. Әскери ант бергеннен кейін жас сарбаздар қонақтарға қоян-қолтық ұрыс және саптық даярлық элементтерін көрсетті.
Биыл карантиндік шектеулерге байланысты әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындары келіп, жас сарбаздарды қолдап, құттықтай алмады. Алайда ата-аналары мен туыстарынан келіп түскен хаттарды олардың командирлері трибунадан оқып берді.
Ант қабылдағаннан кейін әскери міндеттілер кіші мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша жауынгерлік дайындықты бастайды. Алты ай ішінде олар артиллерияшылардың, танкисттердің, барлаушылардың, атқыштардың әскери мамандықтарын меңгеріп, толыққанды Отан қорғаушылары атанады.