«Металлист Р» ЖШС қызметкерлері теңіз жағалау бетінің мұздануына байланысты 3 күн бойы жағаға шыға алмаған. Оларды Маңғыстау облысы ТЖД және ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері құтқарды. Бұл туралы МаңғыстауМедиа хабарлады.
Зардап шеккендерді құтқаруға ҚР Қорғаныс Министрлігі Ақтау қаласындағы ұшу құрамының 5 әскери қызметшісі бар Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды. Сонымен қатар, құрамында 6 құтқарушы, 1 техника және 2 жүзу құралы бар Маңғыстау облыстық ТЖД жіберілді.
29 қараша күні шамамен 19:00-де құтқарушылардың жоғары кәсіпқойлығының нәтижесінде, 7 адам жағалауға жеткізілді. Олардың бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жылы киім мен азық-түлік үлестірілген.
26 қараша күні «Металлист Р» ЖШС-ның 7 қызметкері «Байда» моторлы қайығымен теңізге шыққан еді. Олар «Нехти» кемесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жағалаудан 11 км қашықтықтағы «Арман БК» ЖШС кен орнына барды.