Түркияда 2016 жылдың шілдесінде болған әскери төңкеріс әрекетіне қатысты ауқымды сот процесі өтті. Нәтижесінде, 337 адам бас бостандығынан айырылды.
Сотталушының көбі – Анкара маңындағы Акынджи әуе базасында қызмет еткен әуе күштерінің курсант ұшқыштары.
Бушра Ташкыран, сотталушының туысы
Курсант ұшқыштар төңкеріс жасауға қатыспаса да, өмір бойына бас бостандығынан айырылып отыр. Олар керісінше сол түні өз бөлмелерінен шықпаған. Кейбіреуі қашып кеткісі келген, бірақ оларды қарумен қорқытқан. Олар онсыз да жазықсыздан жазықсыз 4 жыл түрмеде отырды, азапталды, бірақ ол туралы ешкім тіс жармады.
Бұл іске қатысты 500-ге жуық адам айыпталған. Оның 60-ы әртүрлі мерзімге сотталса, 75-і ақталып шыққан. Төңкеріс әрекеті кезіндегі негізгі қақтығыс Анкара мен Стамбулда болған. Онда 250 адам көз жұмып, 2 мыңнан астамы жарақат алған. Түркия президенті Режеп Ердоған бұл оқиғаларға қуғындағы уағызшы Фетхуллах Гүленді кінәлап отыр. Тергеу аясында мыңдаған адам ұсталып, 140 мың адам жұмыстан босатылған.