Ресейдің тікелей инвестициялар қоры «Спутник-V» вакцинасын Үндістанда шығару туралы келісім-шартқа қол қойды. Үнділік ең ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі «Hetero Labs» препараттың 100 миллионнан астам дозасын шығарады деп күтілуде.
Ресей жасаған мәлімдемеде өндірістің 2021 жылдың басында басталатыны туралы айтылған. «Hetero Labs» компаниясы болса, бірінші Үндістанда өтетін клиникалық зерттеулер нәтижесін күтетінін хабарлады. Мәскеудегі эпидемиология институты мамандарының айтуынша, Ресейдегі зерттеудің үшінші кезеңі сәтті өтуде және препараттың тиімділігі жоғары.
Бұған дейін тікелей инвестициялар қоры Бразилияда, Қытайда және Оңтүстік Кореяда вакцина өндіру туралы келісімге қол қойған еді. Сонымен қатар, әлемнің ондаған еліне екпенің 1 миллиардтан астам дозасын жеткізу туралы тапсырыс алған. Егер аталған келісім-шарттар орындалса, вакцина өндіруші елге жылына миллиардтаған доллар табыс түседі.
«Спутник-V» өндірісі Еуроодақ аумағында да ұйымдастырылуы мүмкін. Бүгінде мұндай жұмыс Венгриядағы фармацевтикалық компаниялардың бірінде жүргізілуде. Республиканың сыртқы істер министрі Петер Сийярто екпені сынақтан өткізу үшін алғашқы үлгілері жеткізілгенін хабарлады. Еуропалық комиссия Будапештті өнім медициналық агенттіктің сертфикаттауынан өтпейінше пайдаланбауға шақырды. Кері әсері болған жағдайда Еуропа тұрғындарының вакцинацияға деген сенімін әлсіретіп, халыққа екпе жасауда кедергі келтіруі мүмкін, дейді олар.