«Ақ Жайық» резерватында қырылған құстар пастереллезге шалдыққан. Нұр-Сұлтанда жасалған зертхананың қорытындысы бұл. Сондай-ақ, қанаттылардың құс тұмауын жұқтырмағаны белгілі болды.
Пастереллез – көбінде құстар мен үй жануарларында кездесетін ауру. Дегенмен дертке адам баласы да шалдығып жатады. Сондықтан енді инфекцияның тұрғындарға тигізер қаупі де анықталмақшы.
Арман МОЛДАШЕВ, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары
Бұл – үй құсы емес. Көктемде келіп, ұя салып, балапан шығаратын, Каспий теңізін мекендейтін құстар. Ауруды қайдан жұқтырғаны алдағы уақытта әлі де зерттеледі. Сонымен қатар, әрі қарай адамға жұғатыны не жұқпайтыны туралы да қорытынды шығарылады.
Дәл қазір өлген қанаттылардың саны 150-ге таяған. Айтпақшы, бұл жайтқа байланысты резерваттағы су, жер, ауаның, сонымен қатар балықтың да сынамасы алынды. Алайда олардың зерттеу нәтижелері бірқалыпты.