ҚР Парламентінің Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарады. Бұл туралы Сенаттың ресми сайты хабарлады.
Алдағы үш жылдық бюджет стратегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды іске асыруға арналған.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, Сенат төрағасы
Сыртқы нарықтағы күрделі жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды қаржыландыру жалғаса береді. Бюджетті қарау барысында алдағы үш жылда азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілді. Соған сәйкес 2021 жылы бюджет шығындарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетте барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылғанын атап өтті. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді индексациялауға, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көбейтуге және халыққа медициналық қызмет көрсетуге бағытталады.
Стратегиялық бағыттардың қатарында өңірлерді дамыту мәселесі де өзекті екені белгілі. Осыған орай, 2021 жылы инфрақұрылымды дамыту, газдандыру және ауыз сумен қамту жұмыстарына бюджеттен 1,6 трлн. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Жан-жақты талқылаудан кейін Сенат депутаттары еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Бұдан басқа, сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын да қарады. Соған сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 2021 жылға 3,7 трлн., 2022 жылға 2,4 трлн., 2023 жылға 2,2 трлн. теңге болып бекітілді.