Мақат ауданы облыс көлемінде электронды мемлекеттік қызмет көрсетуден көш бастап тұр. Жалпы жыл басынан бері 6 700–ден аса қызмет көрсетілсе, оның 76 проценті электронды түрде жүзеге асқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Салауат Мүксімов және Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметованың қатысуымен өткен семинар-кеңесте айтылды.
Аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиын барысында биыл мемлекеттік қызмет саласында 63 заңбұзушылық анықталғаны белгілі болды. Сондай-ақ, он айда 11 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік шара қолданылған
Фарида АХМЕТОВА, Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі
Жалпы аудан бойынша әдептілікті көтеру бағытындағы қандай жұмыстар жасалғаны және оның бағытын білу бойынша келдік. Жалпы, облыс көлемінде мемлекеттік қызметшілердің әдептілік, моралдық бейнесіне қатысты өрескел заңбұзушылық фактілер болған жоқ. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметшілерді жазалу емес. Керісінше, өз орталарына барып, кемшіліктердің алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргіземіз.
Кеңесте «Болашаққа бағдар» жобасы аясында Доссор кентінде мемлекеттік қызмет тарихын, қалыптасу кезеңін және оның басты құндылықтары мен қағидаларын айқындайтын аллея ашу жоспарланып отырғаны айтылды. Ал ауданға арнайы іс-сапармен келген қонақтар Мақат, Доссор, Бәйгетөбеге де табан тіреп, жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысымен танысты. Облыс әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілерді жеке қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді.