Ереванда оппозиция өкілдері митинг өткізіп, қазіргі премьер-министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етуде. Халықты наразылық акциясына 17 саяси партия шақырған көрінеді.
Полиция қызметкерлері елдегі әскери жағдайға байланысты қоғамдық шара өткізуге тыйым салынғанын алға тартып алаңға шыққан белсенділерді ұстаған. Олардың қатарында «Гүлденген Армения» партиясының жетекшісі Гагик Царукян мен Республика партиясы парламенттік фракциясының бұрынғы жетекшісі Ваграм Багдасарян бар.
Алаңға шыққандар ұлттық қауіпсіздік қызметі қойған бөгетті бұзып, парламент ғимаратына қарай жүрген. Олар парламент кезектен тыс отырыс өткізуі тиіс деп санайды. Халық көтерілісі Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери қимылды тоқтату туралы келісімге қол қойылғаннан кейін басталды. Олар Таулы Қарабахтағы аумақтың басым бөлігін Әзірбайжанға қайтарылғанына наразы. Пашинян болса «бейбіт келісім елдегі күрделі ахуалдан шығудың оңтайлы жолы, оған қол қойылмаса Әзербайжан әскері Қарабах республикасының барлық аумағын бақылауға алар еді» деп есептейді. Бұл тұста Ресей мен Түркия Қорғаныс министрлері екі ел арасындағы атысты бақылауда ұстайтын орталық құру туралы меморандумға қол қойды. Аталған орталық Әзербайжан аумағында орналастырылып, атысты тоқтату тәртібін сақтауды қадағалайтын болады.