Жылыойда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 102 адам қайтарымсыз қаржыға ие болды. Солардың бірі – Жұлдыз Есенболатова.
Ол Құлсарыдағы орталық ықшамаудандардың бірінен жалға пәтер алып, арнайы массаж кабинетін жасақтап, жанұялық кәсібін ашты. Қарапайым халыққа қол жетімді бағада қызмет көрсететін келіншек мемлекет қолдауына дән риза.
Жоба аясында 550 мың теңге көлемінде қаржылай көмекке қол жеткізген шағын бизнес иелерінің аяқ алысы жаман емес. Мұндай қолдау түрі жұмыссыздарға, көпбалалы отбасыларға және ІІІ топтың мүгедектеріне беріледі.
Қайрат ОМАРОВ, Жылыой ауданы жұмыспен қамту орталығының басшысы
Ауданға қарасты 102 адамға 56 млн. көлемінде қайтарымсыз грант беріп отырмыз. Қазіргі таңда осы грант алушылар саны күн санап артып отыр. Біз келесі жылға да осы жоспарымызды асыра орындап, аудан тұрғындарына керемет мүмкіндік бермекпіз.
Мемлекет тарапынан берілетін көмекті алуға бастапқыда аудан бойынша 140 адам өтініш білдірген. Олар қысқа мерзімді арнайы курстан өтіп, кәсіп бастаудың қыр-сырын меңгерді. Бірі қолдан тұшпара түйіп нәсібін көруде. Тігіншілікпен айналысып жатқандар да бар. Бүгінде олардың ісі мемлекеттік көмектің арқасында өрге домалауда.