Соңғы кездері елімізде ажырасу мақсатында сотқа жүгінетіндер көбейген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты түрлі деңгейдегі әкімдіктер жанынан отбасылық даулардың алдын алуды реттеуді тапсырған еді.
Индер ауданында некені бұзуға ниеттенгендер мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ерлі-зайыптыларға профилактикалық және психологиялық қолдау көрсету мақсатында «Отбасылық кеңес» құру жөніндегі арнайы меморандумға қол қойылды. Аудан әкімдігі жанынан құрылған кеңес қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселені түбегейлі шешуді көздейді. Оның құрамына аймақтың зиялы қауым өкілдері мен белсенді ардагерлер, медиаторлар енгізілген.
Жанат ХАБАРОВ, Индер аудандық сотының төрағасы
Ерлі-зайыптылар арасындағы неке бұзу ісі – ел ішіндегі өзекті мәселелердің бірі. Азаматтық қоғам өкілдерімен қоғам белсенділеріне яғни қорғаншылық және қамқоршылық органдары, медиаторлар мен билер кеңесінің қатысуымен отбасылық кеңес құрылып отыр. Оның қызметі – азаматтардың өз қалауы бойынша жүгінген жағдайда олардың заңдағы құқықтары сақтала отырып неке бұзудағы себептерді анықтау және дауды сотқа дейін жеткізбеу.
Ауданда өткен жылы 57 талап-арыз түсіп, оның 31-і қанағаттандырылған. Ал биылғы он айдың өзінде неке бұзу жөнінде 55 талап арыз келіп түссе, 35 мақұлданған. Сондай-ақ, бауыр еті – баласына алимент төлемей жүрген 29 әкенің үстінен талап арыз түсіп, тиісті шешім қабылданды.