Мемлекеттік орындарда кәсіппен айналысатын ШОБ өкілдері жалға алу құнын төлеуден жыл соңына дейін босатылды. Ондай рұқсатты алу үшін gosreestr.kz порталындағы негізгі жалдау шартына ЭЦҚ арқылы қосымша келісімге қол қойылуы керек.
Жаңашылдық мемлекетке тиесілі орындардан бөлек квазимемлекеттік секторлардан жалға алып отырғандарға да қатысты. Мұндай жеңілдік бұған дейін маусымның соңына дейін деп бекітілген-ді. Сондықтан одан кейінгі айларда төлем жасағандардың қаражаты келесі жылдың есебіне тіркелмек. Бұдан бөлек кәсіп иелерінің несиелеріне де жеңілдік қарастырылған.
Абдолла ИДРЕСОВ, Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы
Көптеген проблемалық мәселелер келді. Мемлекет тарапынан антикризистік қолдау шаралары іске асты. ТЖ кезіндегі және локдаун кезіндегі қиындыққа тап болған, зардап шеккен кәсіпкерлік субьектінің 29 саласы бойынша олардың несие төлеу ақыларын 6 пайызға дейін түсіру туралы шешім қабылданды. 1–31 тамыз аралығындағы несие ставкаларын түсіру туралы шешім бар. Енді осы кәсіпкерлер өздерінің зардап шеккенін дәлелдей отырып, мемлекеттік қолдауды алуына болады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасына ТЖ және карантиндік шектеулер кезінде несие, салық, коммуналдық шығындарды жеңілдету жөнінде 600-ге жуық шағым түскен.