Атырауда ажырасу айтарлықтай азайған. Биылғы он айдағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40 процентке төмен. Нақтырақ айтсақ, қала бойынша былтыр неке бұзу туралы мың жарымға жуық арыз түссе, осы жылы 900 шаңырақта «ыдыс-аяқ сылдырлаған».
Атырау қалалық сотының сөзінше, әлі де болса шағым түсіргендердің басым бөлігі ымыраға келмей, ажырасып тынатын көрінеді.
Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ, Атырау қалалық сотының төрағасы
Жоғары Соттың бастамасымен некені сақтап қалу үшін үлкен іс-шаралар атқарылып жатыр. Отбасылық сотта 3 судья жұмыс істейді, биыл татуластыру орталығы ашылды. «Шаңырақ-2008» АҚ-дан 2 психолог бөлінді. Болмашыдан басталған нәрсе түсінбеушілікке ұласып жатады. Олардың ашық сөйлесуі үшін алаң керек. Медиаторларымыз жақсы жұмыс істеп жатыр.
Елдің болашағы мен отбасылық құндылықтарды алға тартқан мамандар арыз берген жұптарды бірден ажыратып жібермейтіндерін айтады. Алдымен оларға медиация жүргізіліп, өз араларындағы мәселені толықтай тарқатады. Дәл осындай жұмыстардың арқасында 140-қа жуық шағым кері қайтарылған.
Гүлбаршын МАРДАНОВА, медиатор
Олар отбасылық тұрмыстық оқиғаларға байланысты ажырасып кетеді. Бірінші себеп – жұмыссыздықтан. Басқа біреумен көңіл қосып кететіндер де бар. Жас отбасылардың өзара түсініспеушілігіне, әсіресе әйелдеріне қоятын кінәға байланысты болып кетті. Басқалардай емес, ортада өзін дұрыс ұстай алмайды. «Менің ойымдағы адам емес» деп айтатын ер адамдар көбейді.
Медиаторлардың сөзіне сенсек, әйелдер тарапы ашуға тез беріліп, бірінші болып арыз береді. Алайда оның райын қайтаруға тырысатын отағасы да некен-саяқ. Сол себепті, мамандарға артылатын жүктің салмағы ауыр. Мамандар ажыраспақ болғандарға ата-ана мен балаларының алдындағы жауапкершілікті түсіндіріп, некені сақтап қалу үшін барын салады.