IIІ тоқсаннан бастап «Әліппе» мен «Ана тілі» сынақтан өткізілмек. Білім саласына жауаптылардың айтуынша, әзірге пилоттық мектептер анықталуда. Қос оқулықтың да жаңа нұсқасы дайын. Осыған дейін мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер «Сауат ашуды» оқып келген еді. Бірақ ұстаздар оның тым күрделі болғанын айтады.
Эльмира ИСМҰХАНОВА, бастауыш сынып мұғалімі
«Әліппе» оқулығында оқушыларға буындап оқитын сөздер мен шағын мәтіндер көп берілген еді. Ал «Сауат ашу» пәнінде терең мағынаны білдіретін мәтіндер берілді. Бірақ балалар оны оқитын деңгейде болмайды. Енді өзі оқып, өзі түсінетін мәтіндер көп болса деген ұсыныс білдіргіміз келді.
«Әліппе» де, «Ана тілі» де келесі оқу жылынан бастап ресми түрде бағдарламаға енгізіледі. Айта кетейік, қазір Атырау облысындағы бірінші сынып оқушыларының саны 14 мыңға жуықтайды.