«Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Батыс» және Атырау облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының «Махамбет» әскери-патриоттық клубтары «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының кезең жеңімпаздары атанды.
Атырау гарнизонының атынан шыққан екі команда да әртүрлі санаттарда сынға түсті. «Батыс» командасы өңірлік қолбасшылықтар және Қарулы Күштердің басқа да әскерлері командаларымен сайысса, «Махамбет» командасы басқа облыстардың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің командаларымен күш сынасты.
Екі кезеңнен тұратын конкурстың басында қатысушылар жиынның ресми сайтында орналастырылған видео-сабақтар бойынша дайындалды. Екінші кезеңде командаларға әртүрлі төтенше жағдайларға арналған ситуациялық тапсырма берілді. Атыраулық командалар «есін жоғалтып алу» және «ашық қан кету» тапсырмаларын орындап, үздік нәтижемен жеңіске жетті.
Аружан ИМАНОВА, «Батыс» командасының қатысушысы
«Айбын» республикалық әскери-патриоттық байқауына бірінші рет қатысып отырмын. Байқаудың бірінші кезеңінде «Айбын дарыны» интеллектуалды ойынының қорытындысы бойынша екінші орын алдым. Біз алғашқы медициналық көмек көрсету кезеңінде де жақсы нәтиже көрсете алғанымызға өте қуаныштымыз. Сол үшін «Батыс» өңірлік қолбасшылығына үнемі қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді.
Атыраулық қос команда да жеңіс үшін күресті жалғастыруда. Соңғы кезеңдерде олар әскери-қолданбалы спорт түрлерімен бақ сынасып, ал ақтық ойында «Брейн-ринг» ойынында сайысқа түседі.
Еліміздің барлық аймағынан қатысып жатқан 39 команданың ішінде республикалық «Жас ұлан» мектептері, облыстық әскери мектеп-интернаттары, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтары, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың тәрбиеленушілері бар.
Координация үшін Нұр-Сұлтандағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-офис құрылып, онда барлық қатысушының ойыны Led-экран арқылы көрсетіледі.