Молдовада президент сайлауы аяқталып, учаскелердегі бюллетеньдердің 90 пайыздан астамы саналды. Нәтижесінде, 33,01 пайыз дауыс жинаған қазіргі басшы Игорь Додон мен 35,61 пайызға ие болған оппозициялық еуропалық іс-қимыл және ынтымақтастық партиясының лидері Майя Санду алға шықты. Бұл – Орталық сайлау комиссиясының жариялаған қорытындысы.
Майя Санду өз сөзінде «сыбайлас жемқорлықпен күресетін, сол жолда жүргендерді жауапқа тартатын елге, бәрімізге қалыпты өмір сүруге мүмкіндік беретін ортақ болашағымыз үшін дауыс бердім» деді. Оның тарапынан келген бақылаушылар дауыс беру кезінде құқықбұзушылықтардың болғанын және қарсы тараптың пара бергенін айтты. Соған қатысты іс-қимыл және ынтымақтастық партиясының заңгерлері Молдованың бас прокуратурасына 300-ге жуық іс жолдаған. Ресейшіл Игорь Додон да өз қолдаушыларына үндеу айтты.
Игорь ДОДОН, саясаткер
Мен бейбітшілік пен тыныштыққа, тұрақтылық пен достық серіктестікке, ел тұрғындарының ынтымақтастығы мен тепе-теңдігі үшін дауыс бердім.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге халықтың 33 пайыздан астамы қатысқан. Сайлаушылардың үштен бір бөлігі дауыс бергендіктен заңды болып есептеледі. Елдің жаңа басшысы 15 қарашаға белгіленген сайлаудың екінші кезеңінде белгілі болады.