Атырауда күзгі әскерге шақырылғандардың алғашқы легі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Жас сарбаздарды жіберу Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жанындағы жинақтау пунктінде өтті.
Бастапқы уақытта шақырылатындардың негізігі бөлігі Жамбыл облысындағы Отар гарнизонында қызмет етпек.
Жасұлан САТЫБАЛДИЕВ, Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары
Біздің облыста әскерге шақыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдерін жасақтау жоспары толықтай орындалды. Ендігі кезекте Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерін жасақтауды бастадық, бүгінгі күні 50 адам әскери бөлімге жіберіліп, тағы да 50 азамат аттанғалы жатыр.
Отан қорғауға аттанғандардың денсаулығы – алғашқы орында. Оларды әскери бөлімдерге жөнелтпей тұрып, міндетті түрде ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі. Биыл облыстық медициналық комиссиялардың құрамына инфекционистер енгізілген еді.
Равиль ЖОЛАМАН, әскерге шақырылушы
Шақыру қағазын алысымен, мен дереу шақыру пунктіне келіп, медициналық комиссиядан өттім. Қазір әскери бөлімге кетуге дайындалып жатырмын. Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Қарулы Күштері қатарында қызмет етуге дайынмын.
Қыркүйекте басталған күзгі әскерге шақыру желтоқсанның соңында аяқталады. Жалпы, әскери қызметке облыстан 700-ге жуық азаматты жіберу жоспарланған.