Мұнайлы өңірдегі медициналық қызметкерлерге тағы да тарту жасалды. Бұл жолы демеушілер облыстағы жедел-жәрдем стансасына 12 «УАЗ» автокөлігін сыйлады.
Компания елдегі аумалы-төкпелі ахуалды тұрақтандыруда үлес қосу мақсатында біреуі 12 мың АҚШ доллары тұратын темір тұлпармен қолдау көрсетуді жөн көрген. Демеушілердің сөзінше, облысқа жасалған әлеуметтік көмек бұл ғана емес.
Қайыргелді ҚАБЫЛДИН, «Каспий құбыр Консорциумы-К» АҚ бас директорының орынбасары
Әлеуметтік жағдайды көтеру үшін облысқа 3 миллион доллардан астам қаржы бөлдік. Кез келген маусымда, тіпті жолсыз жерлерде де көмек көрсете алатын нағыз ауылға керек машина деп есептейміз. Сондықтан осы жобаны қолға алдық.
Қазір өңірде 50-ден астам жедел-жәрдем көлігі бар. 20 шақтысының тозығы жеткен. Ал кей елдімекендерге дәл осындай жол талғамайтын темір тұлпарлар керек.
Айта кетейік, жуықта облысқа заманауи құрылғылармен жабдықталған 22 жедел жәрдем көлігі берілген. Көп ұзамай тағы 18-сі келмек.