Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскерінің 600 сарбазы запасқа шығарылып, Ақтау гарнизоны әскери бөлімінің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаздардың жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті. Бұл туралы гарнизонның баспасөз қызметіне сілтеме жасап МаңғыстауМедиа хабарлады.
Жыл бойы әскери қызметшілер әскери мамандықтарын игеріп, жауынгерлік даярлықта үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Оның ішінде «Бекет – 2020» оқу-жаттығуында да жауынгерлік машықты жоғары деңгейде көрсетті.
Ардагерлер мен құрметті қонақтардың қатысуымен өткен шарада қызметке адалдығы, оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындағаны үшін бірқатар әскери қызметші алғысхатпен марапатталды. Сондай-ақ, оларға қызметтік өмірден естелік фотоальбомдар мен кәдесыйлар табысталды.
Бақтияр НҰРМҰХАШ, батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант
Біз бір жыл ішінде нағыз Отан қорғаушы болған, қажетті дағдылар мен білім алған жауынгерлерімізді үйге жібереміз. Оларға зор денсаулық, табыс және отбасыларына аман-есен оралуын тілеймін.
Дәстүр бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер соңғы рет теңіз жаяу әскерінің әнұранын шырқап, салтанатты марш жасады.
Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің айтуынша, алдағы уақытта тек Ақтау гарнизонынан ҚР Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі 1 000-ға жуық әскери қызметші запасқа шығады.