Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары облыс орталығында орналасқан ескерткіштерді насихаттауға арналған акцияны бастады. Оған ескерткіштің не үшін тұрғызылғанын және оның атауын білмейтін жастар себеп болған.
Мектеп шаңырақтары аймақтағы ескерткіштер туралы деректерді жинақтап, танымдық бейнероликтер циклін әзірлеу үстінде. Алғашқы болып оқу орынның «Фариза» шаңырағы қазақ поэзиясының падишасы, белгілі ақын және мемлекет қайраткері Фариза Оңғарсынованың ескерткішінен бастады. Оқушылар фото және бейнетаспа арқылы Фариза ақынның ескерткіші туралы деректерді ұсынады. Мұнда балалар мүсіннің архитектуралық және композициялық кескіні жөнінде, оны жасап шығарған авторлар мен монументтің мазмұны туралы мағлұматтарды ұсынады. Бейнероликтер мектептің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларға жүктелмек.