Ақтауда бір топ адам жекеменшік құрылыс компаниясына алданғанын айтып шу шығарды. Сан соққандар жаңа шағын ауданда салынып жатқан тұрғын үйге көптеп-көлемдеп қаржы салған. Үлескерлерді «жарнасын төлесең, баспаналы боласың» деп сендіріпті. Бірі сегіз жүз мыңдап салса, тағы бірі 6 миллион теңгеге дейін қолма-қол санап берген.
Алданып, сергелдеңге түскен салымшылардың бірі – Сахан Әспентаев. Айтуынша, оның пәтерін бес адамға сатып жіберген.
Сахан ӘСПЕНТАЕВ, үлескер
Менің 3 бөлмелі пәтерімді 5 адамға сатқан. Міне, менде қолымда екі адамның құжат көшірмелері тұр. Қызым иесі атанған тағы екі адамның құжаттарын суретке түсіріп алған. Өз басым осы үйге 6 млн теңге салдым. Маған ақшамды қайтарып берсін.
Әзірге құзырлы орындарға тек бір адам ғана шағымданған. Қалғаны әліптің артын бағуда. Өйткені, құрылысқа жауапты «Тастемір ЛТД» компаниясы кей үлескерлерге салған ақшаларының 10 процентін қайтарып беріпті.
Айзада ҚАРАБАЛАЕВА, үлескер
2019 жылы 9 млн теңге салдым. «Гаухартас» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер сатып алдым. Компания маған салынып жатқан үйді көрсетті. Сөйтсем, оның басқа участок екенін білдім. Басқа үй екен. Ал мен салған үйдің іргетасы әлі қаланбапты. Прокуратураға арыздандым. Компания әзірге 2,5 млн теңгемді қайтарып берді.
Үлескерлерге уәдені үйіп төккен компания басшылығымен кездесу мүмкін болмады. Істің ақ-қарасын білу үшін қалалық әкімдіктегілерге хабарластық. Олардың айтуынша, осы жылдың наурызында мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде, аталған компанияның аумақтағы құрылысты заңсыз салғаны белгілі болды.
Бекнұр БӘЛИҰЛЫ, Ақтау қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы
Қазіргі таңда «Тастемір ЛТД» компаниясы заңға сәйкес үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алмаған. Салымшылар мен аталған мердігер компания арасындағы дау ҚР азаматтық кодексіне сәйкес реттеледі. Яғни, құзырлы органға, сотқа талап арыз беру арқылы ғана қаралады.
Салымшылар салған қаражатын түгелімен қайтарып ала ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Дегенмен даулы мекеме өз жұмысын уақытша тоқтатты.