Жолсеріктің жылыту қазандығы орналасқан қуысқа жасырған есірткісін қызметтік ит тауып алды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.
Тәртіп сақшылары қыркүйек айында «Қарасора – 2020» және «Транзит» жедел-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырып, Бейнеу стансасында тұрған пойыздан түйіншекке оралған есірткіні тәркіледі. Тексеру барысында оның Маңғыстау–Бейнеу–Маңғыстау жолаушылар пойызының жолсерігіне тиесілі екені анықталды. Жылыту қазандығы орналасқан жерге жасырынған затты Робби есімді иісшіл ит тауып алған.
Бейнеу аудандық сотының шешімі бойынша жолсерікке 30 АЕК көлемінде, яғни 83 340 теңге айыппұл салынды.