Америка Құрама Штаттары Ресейдің 6 азаматын бірнеше елде кибершабуыл ұйымдастырды деп айыптады. АҚШ олардың РФ барлау басқармасының бұрынғы немесе қазіргі қызметкері екеніне сенімді. Хакерлер NotPetya вирусын пайдалана отырып, Францияның 2017 жылғы сайлау науқаны кезінде қазіргі президент Эммануэль Макронның партиясына қарсы кибершабуыл жасаған. Сондай-ақ,оларға 2018 жылы Солсберидегі Сергей Скрипаль мен оның қызының улануы бойынша қылмыстық істі тергеп жатқан ұйымға қарсы кибершабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр. Вашингтон ұсынған мәліметке сәйкес, екі жыл бұрын Пхенчхандағы олимпиадалық ІТ-жүйелердің істен шығуына да осылар кінәлі. Соның нәтижесінде экрандық мониторлар, WI-FI желісі және Олимпиаданың ресми сайты істен шығып, билет басып шығару мүмкін болмаған. Бұл ақпаратты АҚШ Әділет министрінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Демерс хабарлады.