АҚШ соты 70 жылда алғаш рет әйел адамды өлім жазасына кесті, — деп жазды «Хабар24» порталы. Бұл 17 жылдық мораторий жойылғаннан кейінгі тоғызыншы өлім жазасы. Айыпталушының аты-жөні Лиза Монтгомери. Ол аяғы ауыр әйелді айуандықпен өлтіріп, құрсағындағы баласын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу материалына сәйкес, қылмыскер 2004 жылдың қазанында «күшік сатып аламын» деген сылтаумен 23 жастағы Бобби Джо Стинеттің үйіне барған. Ол жүкті келіншекті алдымен жіппен қылғындырып өлтіріп, кейін жатырын пышақпен тіліп, шарананы алып кеткен. Ол кезде жәбірленуші жүктіліктің сегізінші айында болған. Адвокаттар Лизада жалған жүктілік синдромы болғанын айтады. Бұл – ұзақ жыл бойына сәби сүйе алмай жүрген әйелдерде кездесетін психикалық ауру. Десе де, айыптаушы тарап әйелдің қылмысты алдын ала жоспарлағанын және оның дені сау екенін алға тартып отыр. Өлім жазасы 2020 жылдың 8 желтоқсанында Индиана штатында инъекция салу жолымен жүзеге асырылмақ.