Басынан бұлт кетпеген баспананың бірі – Жұлдыз ықшамауданындағы 64-үй. Ондағы тұрғындардың біздің арнаға жүгінгені бірінші рет емес.
Әу баста құжатсыз, газсыз отырған көпбалалы отбасылар электр пешін пайдаланатынын айтып шағымданған еді. Сол кезде әкімдік тұрғын үйдің 80 пайызы толған кезде ғана көгілдір отынмен қамтамасыз етуге уәде берген. Ал қазір көпқабатты үйдегі адамның қарасы молайса да, газ жүргізу туралы сөз қозғалмаған. Оның үстіне, сапасыз салынған кәріз жүйесінен ақау шығып, жығылғанға жұдырық болған жайы бар. Тұрғындардың айтуынша, құрылысқа жауапты компания жүрдім-бардым салынған үйден құтылғанша асық. Ал ТКШ аталған олқылықтардың орны толмайынша қабылдамайтынын жеткізген.
Асылбек ШМАНОВ, қала тұрғыны
Өткенде комиссия келді. Неполодки бәрін устранить етіңдер деді подрядчиктерге . Солай айтты да солай қалды. Мына канализация біздер аз болғанда әлі келіп тұрды қазір кісі көбейгесін, әлі келмейді қайта-қайта насос бұзылып, су сыртына шығып кетеді.
Татьяна КОСТЯНИКОВА, қала тұрғыны
Бізге ПИК ашыңдар деп ұсыныс тастады. Бірақ не құжаты, не ыстық су, не газы жоқ бізді қай ПИК қабылдасын?! Алдында мына жерде қандай көл болғанын көрсете аламын, видеосы бар. Қазіргі ең басты проблема – кәріз жүйесіндегі ақауды реттеу. Газ, су дегендерге де қол жетпей отырғаны қинайды.
Нина КАРАМЫШОВА, қала тұрғыны
Мына құдықтың беті ашық жатыр. Ал балалар болса ойнап жүр. Мердігер компания мен әкімдік қайда қарап отыр? Шыдау мүмкін емес, үйдің іші қақап тұр.
Тұрғындар үй жанына жайылған лайсаңның иісі қолқаны қабатынын айтады. Сондай-ақ, беті қымтап жабылмаған құдық балалар үшін қауіпті. Кезінде баспаналы болдық деп бөркін аспанға атқандар қазір үйдің жағдайы толық жасалмағандықтан туған-туысты жағалауға мәжбүр болып отырған көрінеді. Ал мердігер компания «ҚазГазТранс Аймаққа» қарыз болғандығы себепті ыстық суды да ажыратып тастаған. Әбден электрге байланған тұрғындар күн сайын кернеудің де күрт төмендеп кететінін айтады. Жауаптылардың жалған уәдесіне тойған жұртшылықтың төзімі таусылғандай.
Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы
Жұлдыз Мөлтек ауылындағы аталған үйлер дом арс строй компанясының салған үйлері. Жалп қазіргі кезде білесіздер әр компания үй салған кезде оған кепілдік мерзімін береді. Кепілдік мерзімі екі жыл. Ол уақыт әлі өткен жоқ. Және жұмыстардың соңына дейін жеткізілуіне әкімдік бақылауында ұстайды. Және ықпал етеді.
Жауапты маманның айтуынша, бәрі бақылауда, алда тағы да тексерістер жүргізіледі. Дегенмен атқарылуы тиіс жұмыстар жұрттың ойынан шыға ма, жоқ па – уақыт көрсетеді.