19 шілде күні ақтаулық 15-ке енді толған жасөспірім мас күйінде көлік жүргізіп, өзіне ескерту жасаған 58 жастағы әйелді 3 мәрте басып өткен. Оқиға салдарынан жәбірленушінің қабырғасы сынып, өкпесіне су жиналған және аяғының сіңірі үзілген.
Ал оның қызы Джульетта 2 ай бұрынғы оқиғаға кінәлілер әлі күнге дейін жауапқа тартылмады дейді.
Джульетта ДЖАМИЕВА, жәбірленушінің қызы:
Тергеуде екеуінің сөзге келіспей қалғанын білдік. Түсінемін, кикілжің болған шығар. Бірақ сол үшін неге менің анамды көлікпен таптауы керек? Ол жазасыз қалмауы тиіс. Бұл жерде автомобиль иесінің де кінәсі бар. Екеуінің де заң аясында жауапкершілікке тартылуын және моральдық әрі материалдық шығындарды өтеуін талап етеміз. Егер мас күйінде көлік жүргізген баланы жазасыз қалдырса, осы қылмыстың қайталанбасына кім кепіл?!
15 жасар баланың қолынан жапа шеккен әйелге қажетті ота Нұр-Сұлтан қаласында ғана жасалатын көрінеді. Қызының сөзіне сенсек, жергілікті құқыққорғаушылар екі айдан бері оқиғаға қатысты ешқандай әрекет жасамапты. Мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында бұрқ еткеннен соң ғана облыстық полиция департаментінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 345 және 349-баптарының 2-тармақтары бойынша тергеу басталып, сот-медициналық сараптамасының нәтижесі бойынша әйелдің денсаулығына ауыр зиян келтірілгені расталған.
Тәртіп сақшылары он бесінде ойнақ салған жасөспірімді абайсызда басқаның денсаулығына ауыр зиян келтiргені үшін жауаптап жатқанмен, жәбірленуші жақ қылмыстың қасақана жасалғанына сенімді.