Маңғыстау облысында 2021 жылы екі бағытта ақылы жолды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Маңғыстау облысы филиалының директоры Айбек Әнуарбековтың мәліметінше, келер жылдан бастап, 661 шақырым жолды ақылы ету жоспарланып отыр. Оның біріншісі Ақтау–Бейнеу бағыты болса, екінші бағыт – Доссор–Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан шекарасы. Бірақ ақы төлеу ауыр жүк көліктеріне ғана міндеттеледі.
Айбек ӘНУАРБЕКОВ, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Маңғыстау облысы филиалының директоры:
Аталған жолдарда 9 стационарлық пункт және клиенттермен жұмыс атқаруға арналған 2 орталық болады. 9 стационарлық пунктте фото, видео жүргізіліп, орталыққа жіберілетін болады.
Бұдан бөлек, 2022 жылы Жетібай–Жаңаөзен бағытындағы автокөлік жолы жолаушыларға ақылы қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы автожол барлық көлік түрлеріне ақылы.
Жыл соңында өтетін қоғамдық тыңдау кезінде ақылы жолдармен жүріп өткені үшін қанша теңге көлемінде ақы төлейтіні белгілі болады.