Ақтаудағы 2 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Бұл туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Тулебаева мәлім етті.
Светлана ТУЛЕБАЕВА, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы:Атап айтсақ, 29-шағынауданда орналасқан №28 жалпы білім беретін орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Білім ошағы 2001 жылы қолданысқа берілген.Жөндеу жұмыстары аясында қабырғалары толығымен сырланып, еден төсеніштері жаңартылды. Мектептің қасбеттері жаңарды. Шатыр, баспалдақ ауыстырылды. 32 бейнекамера қойылды. Интернет желісі тартылып, инженерлік желілер жаңартылды. Сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 1 үлкен, 1 кіші футбол алаңына жасанды газонмен төселіп, 2 жүгіру жолы жаңа түрге енген. Баскетбол алаңы спорт жабдықтарымен толықтай жарақтандырылды. 44 интерактивті тақта, 2 компьютерлік кабинет, 1 лингофон кабинеті құрылды.
Бұдан бөлек, 15-шағынауданда орналасқан IT мектеп-лицейінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. 930 орынға арналған білім ордасы 1993 жылы пайдалануға берілген. Білім беру ұйымында қазіргі таңда 1-кезеңде 1147 оқушы білім алып жатыр. Жөндеу жұмыстары кезінде мектептің едені жаңартылып, қабырғасы түгелдей сырланды. Нысанның іші-сырты боялды. Шатыр толығымен ауыстырылып, соңғы үлгімен қапталған. Сондай-ақ, асханаға жабдықтар әкелініп, спортзалға заманауи жарықшамдар қойылды. Мектепке жаңа парталар берілді. Қазір сыртқы спорт алаңы жасақталуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің аяғында бітеді деп жоспарланған.
Светлана Тулебаеваның айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаламыздың жұмыссыздық есебінде тұрған 120 азаматы жұмыспен қамтылды.