Колумбияда полиция қызметкерлерінің озбырлығына қарсы ұйымдастырылған жаппай ереуіл тәртіпсіздікке ұласқан.
Салдарынан 8 адам мерт болды. Билік өкілдерінің хабарлауынша, тағы 150-ге жуық адам жарақат алған. Олардың 100-і – полиция қызметкері. Қазір ел астанасында 70 адам қамауға алынды.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, акция Богота, Медельин, Ибаге мен Перейра қаласында ұйымдастырылды. Айта кетейік, халықтың ашуға бой алдыруына 46 жастағы Хавьера Ордонезаның полицияның қолынан қаза табуы түрткі болды. Тәртіп сақшылары әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған Хавьераны тұтқындау кезінде бірнеше рет электр есеңгіреткішті қолданған. Кейін ол ауруханаға жеткізіліп, көп ұзамай көз жұмды.
Колумбияның қорғаныс министрі Карлос Холмс Трухильоның айтуынша, үкімет пен құқық қорғушылар бұл іске қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның егжей-тегжейі анықталып, айыптылар жазаға тартылатын болады.