Атыраулық полицейлер өзіне қол салмақ болған 20 жастағы бойжеткенді құтқарып қалды.
Оқиға 11 қыркүйек күні шамамен 03:40-та Балықшы мен Жұмыскер арасына тартылған көпірде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері полиция аға лейтенант Өмірзақ Абдолов пен лейтенант Бердібек Қабиболлаев қызметтік көлікпен көпірден өтіп бара жатып, көпір қоршауының арғы жағынан шығып кетіп, өзенге секірмекші болып тұрған қызды байқаған.
Полицейлер жеделдік танытып, қызбен сөйлесудің ретін тапқан. Олар бойжеткенді райынан қайтуға үгіттеп, көпірден секірмеуге көндірген.
Қыз өзіне қол жұмсау әрекетінің себебін досымен арадағы ұрыс-керіспен байланыстырады.