CaspianLife, 27 сәуір. Бүгін «112» пультіне Атырау қаласында Жайық өзені үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірінен бір қыздың суға секіргені туралы хабар түсті.
Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Жайық өзенінің жағасында орналасқан құтқару бөлімшесінен құтқарушылар Marlin жылдам қайығымен дереу жолға шыққан. Шамамен 4 шақырымды еңсеріп, олар оқиға орнына небәрі 4 минутта жеткен.
Суда құтқарушылар ағыс алып кеткен қызды көпірден шамамен 800 метр қашықтықта тапқан. Құтқарушылардың бірі суға секіріп, оны ұстап тұрған, кейін әріптестері құтқару шеңберін лақтырып, екеуін де қайыққа көтерген.
2011 жылы туған кәмелетке толмаған қыз жағаға жеткізіліп, медицина қызметкерлеріне тапсырылды.