CaspianLife, 21 мамыр. Маңғыстау облысында алаңдатарлық статистика тіркелді. Өткен жылы бес кәмелетке толмаған жасөспірім суицид жасаған. Ал биылғы жылдың басынан бері тағы екі жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл мәліметтер облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысында айтылды.
Жиын облыс әкімінің орынбасары Аббат Орысбаевның төрағалығымен өтті. Оған мемлекеттік органдар мен салалық басқармалардың басшылары қатысты.
Күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің, буллингтің және құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.
— Бұл тек мемлекеттік органдар ғана шешетін мәселе емес, бүкіл қоғам болып назар аударатын маңызды проблема, — деді Аббат Орысбаев.
Оның айтуынша, ведомствоаралық комиссиялар алдағы уақытта облыстың барлық ауданында көшпелі отырыстар өткізеді. Негізгі мақсат — мәселенің ауқымын жергілікті жерде бағалап, қандай қолдау қажет екенін анықтау.

