Маңғыстаулық мұнайшылар тағы да ереуілге шықты. «М-Техсервис» компаниясының бұрынғы 175 қызметкері орнын қайтаруды талап етеді.
Олар жағдайдың қиындауына пандемия мен қара алтын бағасының төмендеуі емес, компания басшылығы тікелей кінәлі деп санайды. Себебі, қаңтардан бері тұрақты жұмыс та, уақтылы жалақы да бұйырмаған.
Қыдырқожа ДЕМЕУОВ, бұрынғы қызметкер:
– Осы тұрған жігіттердің түгелге жуығында несиелері бар. Бала-шаға бағу керек. Қаңтардан бері жұмыс жоқ. Бұл мекеме 6 ай жұмыс істесе, 6 ай үйге жатқызады. Талабымыз біреу – тұрақты жұмыс керек.
Ал компания өкілдері жұмысшылардың наразылығы негізсіз дейді. Себебі, олармен жасалған келісімшарттың мезгілі аяқталған. Бірақ қайта шақырту ойда бар көрінеді.
Жанат САТАНБАЕВА, компания өкілі:
– Бұл азаматтар ғана емес, біз де тапсырысты күтіп отырмыз. Тапсырыс болса, жұмыс та бар. Мұнай компаниясынан тендер жеңген едік. Әлі күнге жауап жоқ. Бұл туралы жергілікті билік, тапсырыс берушімен үшжақты кездесуде айтылған. Мәселе шешілсе, жұмысшыларды қайта шақыртамыз.
Мұнайшыларға уақыт жоғалтпай жұмыспен қамту орталығына жүгіну ұсынылды. Бірақ жұмысшылар өз талаптарын толық орындауға қол жеткізбейінше, тынышталмаймыз деп отыр.