Жауыр болған жол мәселесі Геолог ықшамауданындағы Беймахис көшесін де айналып өтпеді. 3 жылдан бері жыры таусылмаған бұл жердегі сайда таудай қоқыс үйіліп жататын…
Тұрғындардың айтуынша, «Спецавтобаза» мекеме өкілдері оны түрлі қалдықпен толтырып, бетін топырақпен бүркеген. Бірақ жартылай жабылған жерден жұмыстың аяқсыз қалғаны аңғарылады.
Ашуға булыққан Беймахис тұрғындары жүз метрдей жердегі асфальтқа жету үшін алғашқыда топырақты өздері төсеп, жол жасап алғанын айтады. Естеріңізде болса, жыл басында дәл осы көшенің тұрғындары сол аумаққа тасжолдың төселмей қалғанын, соның кесірінен көктем мен күзде лай кешіп, батпаққа белшесінен бататынын айтып шағымданған еді. Енді атшаптырым жерге асфальт төсейтін жағдайымыз жоқ деп отыр.
Осыған дейін әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындар БАҚ өкілдеріне де бірнеше рет жүгінді. Алайда биліктегілер ол мәселенің қашан шешілетіні туралы мардымды жауап қайтармаған еді. Енді қарапайым халық талайдан бергі талабының орындалмай келе жатқаны үшін әкімге наразы.
Арман БОРАШЕВ, тұрғын:
– 3 адам болып кіріп шықтық. Комиссиядағылар уәде берген еді. Сол кезде Таубаев әкім болды. Сол уәдесін орындамағанына тікелей Таубаевқа наразымыз. Адам уәде етті ма орындау керек қой. Егер уәдесінде тұрмайтын болса, әкімнен не қайыр?! Мына көшенің адамдарының әңгімесі – асфальт.
Наразы халықтың шағымы бойынша қалалық әкімдікке хабарласқанымызда, бұл көшеге қаржы бөлінбегенін айтты. Яғни, жолдың қашан реттелері әлі белгісіз. Соған қарағанда, тасжол күтіп сарғайған тұрғындардың сары уайымы әлі де созыла түсетін сыңайлы.