Атырау мұнай өңдеу зауытындағы булану алқаптарын қалыпқа келтіру жұмыстары жарты жылға қысқартылуы мүмкін. Бұл жөнінде зауыт басшылығы, экологтар және қоғам белсенділерінің кездесуінде айтылды.
Жиында аумақтан шығарылатын жағымсыз қалдықтарды азайту мәселесі де көтерілді.
Шухрат ДАНБАЙ, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры:
– Шыны керек, бұлай айтыла берген де көңілге қаяу түсіреді. Бәрінің айтатыны – осы зауыт. Атырау облысында жалғыз өнеркәсіп біз ғана емес қой. Анығында, кінә екі тараптан да бар. Тіптен 60-70%-ы – қаладан келетін шығарынды. Бұл – 20 жылдан бері бар мәселе. Қозғалыс енді жүріп жатыр.
Зауыт басшысының сөзінше, ағынды суларды тазарту жұмыстары стандарттарға сәйкес орындалып жатыр. Бұған жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы себеп.
Қанат САҒЫЗБАЕВ, «АМӨЗ» ЖШС департамент басшысының орынбасары:
Биологиялық тазарту құрылыстарын қайта-қайта жаңғыртудың нәтижесінде, булану алаңдарындағы төгінділер едәуір азаймақ. Бұл бізге Жайық өзенінен су алуды 50 пайызға қысқартуға, ал қайта пайдаланылатын су көлемін 70 пайызға дейін молайтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, ашық құрылымдар бөлшектеліп, енді жабық түрге ауысады.
Қоғам белсенділері қалыпқа келтіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көріп қайтты. Шара соңында олар ашық әңгіме үшін алғыс білдіріп, басталған жұмыстардың маңыздылығы – нәтижесінде екенін тілге тиек етті.