Caspianlife, 4 қыркүйек. Атырау қаласында отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатында «Қауіпсіз отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара аясында тәртіп сақшылары арнайы рейдтік тексерістер ұйымдастырып, отбасындағы жанжалға бейім азаматтардың, бұған дейін қорғау нұсқамасы шығарылғандардың және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғалардың тұрғылықты жерлерін аралап жатыр. Ондағы басты мақсат — қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы 8 ай ішінде Атырау қаласында отбасылық-тұрмыстық салада заң бұзған 2 647 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 2 334 азаматқа қатысты арнайы қорғау нұсқамасы шығарылса, 599 адамның мінез-құлқына сот шешімімен ерекше талаптар белгіленді. Ал 146 тұрғын белгіленген қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны үшін қайта жауапқа тартылған.
Іс-шараның өту барысы мен заңнама талаптары туралы Атырау қалалық Полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бөлімше бастығы Әйгерім Орақбаева толығырақ айтып берді:
«Егер рейд барысында ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлға тарапынан жаңа құқық бұзушылық анықталатын болса, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1 ай мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылады. Осы бір ай ішінде полиция қызметкерлері аталған мекенжайға айына 4 рет барып, тексеріс жүргізеді. Қорғау нұсқамасы жүктелген азамат бұл аралықта жәбірленушіні мазаламауға, кез келген байланыс түріне шығуға, аңдуға немесе телефон соқпауға міндетті. Егер бұл тыйымдар сақталмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабымен хаттама толтырылып, құқық бұзушы 10 тәулікке, ал әрекет қайталанса 20 тәулікке дейін қамауға алынады».
Қазіргі таңда Атырауда «Қауіпсіз отбасы» профилактикалық рейдтері әлі де жалғасуда.

