Өр суының тасымауы себепті Жайық жағалауындағы ірілі-ұсақты көлдер құрғап қалуда. Сол жерде өсіп-жетілетін жас шабақтар қажетті оттегінің болмауынан жойылып кетудің алдында тұр.
Саны жыл сайын азайып жатқан су маржандарын құтқару қазір өзекті. Сол үшін Индер ауданының әкімдігі мен жергілікті балық қорғау инспекциясы шағын көлдердегі шабақтарды Жайыққа жіберді.
Азамат ӘБІҒАЛИЕВ, Индер аудандық балық қорғау инспекциясы бөлімінің бас маманы:
– Жалпы Индер ауданы бойынша 21 су тоғаны бар. Соңғы жылдары судың тапшылығына байланысты көлдердің көбі кеуіп кетуде. Сондықтан Жайық өзені жағалауында бөлінген кішкентай көлшіктерден жас шабақтарды сүзіп алып, Жайық өзеніне жібереміз. Негізгі мақсатымыз – балықтың өліп қалуын болдырмау.
Жыл сайынғы шабақтарды құтқару жұмыстарының биылғы маусымына жергілікті жастар да белсене араласуда. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған табиғат жанашырлары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері де осы жолы көл жағасынан табылып, ортақ жұмысқа өз үлестерін қосты.
Жайық өзенінің 147 шақырымы Индер ауданының үстімен өтеді. Қазір аудан бойынша Өрлік және Жарсуат ауылдық округтеріне қарасты «Қарағаш» және «Молымбет» су тоғандары қалды. Судың көтерілмеу кесірінен аталған көлдер оқшауланып, басқаларының кебін киюі әбден мүмкін. Яғни, шабақтардың өсіп-өнуіне зияны тиетін жағдай орын алады деген сөз.