Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 29-ықшамаудан тұрғындарымен жүздесті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы хабар таратты.
Қала басшысы шағынаудандағы балалар ойын және спорт алаңдарының тапшы екендігін, сонымен қатар, ішкі жолдарды қалпына келтіру мен қоқыс контейнерлері, жасыл желектерді суару бойынша мәселелеріне көз жеткізді.
Қаладағы көгалдарды суару осыған дейін кездескен бірнеше шағынаудандықтардың өзекті мәселесі болатын. Осы тұста қала басшысы талдарды уақытылы суару мен күтіп ұстау бойынша келер жылға өзге әдіспен іс-жоспар жасақталатынын айтты.
Одан бөлек, 29-шағынауданның тұрғын үйлері жанына жаңа бірнеше қоқыс контейнерлері орнатылатын болды.
Шенділер жол, балалар ойын және спорт алаңдары мәселелері үшін шағынауданды кешенді абаттандыруға жобалық сметалық құжаттама жасақталып, құрылыс жұмыстары үшін бюджеттен қаржы сұратылатынын айтты.