Жайық өзені бойындағы Қызылбалық ауылының тұсынан синтетикалық тор табылды. Мамандардың айтуынша, олар су астында мүлдем көрінбейді және қалпын 50 жылға дейін сақтайды.
Сондықтан мұндай ау құралдарын пайдалануға заңмен тыйым салынса да, браконьерлер құйтырқы әрекеттерін тоқтатпай тұр. Инспекциядағылардың айтуынша, сүзілген ау құралдары тазаланып, құжат жасақталып, ал ішінен шыққан балықтар арнайы мекемеге тапсырылады.
Кіші Дамбыдан Қызылбалық ауылына дейін жүргізілген рейдтік шара барысында 20 шақты ау құралы судан шығарылды. Профилактикалық іс-шараға Теңіз, қалалық және Дамбы инспекциясынан 4 кеме мен 10 қайық және 40-қа жуық жұмысшы жұмылдырылған.