Самокат мінудің сәнге айналғаны соншалық, балақайлар экологиялық таза көліктің қарапайым түрін тепсе, ересектерге электронды самокат ыңғайлырақ.
Диляра Ұспанова жақын арада жаңасын сатып алыпты. Бұл – тапсырыс жеткізудегі таптырмас көмек. Әу баста велосипедпен жүрген ол ең қолайлы нұсқа осы деп шешіпті.
Диляра ҰСПАНОВА, қала тұрғыны:
– 2 күн велосипедпен жеткізіп жүрдім. Кейін самокат аламын деп шештім. Өйткені, велосипедте отырғанда арқамдағы жүк қозғалып, кедергі келтіреді. Ал самокатпен жүргенде сен отырмайсың ғой. Бір орында тұрған соң, бәрі қалыпты болады.
Сарапшылар самокатты таңдағанда оның сапасына аса мән беру керек дейді. Өндірушінің атауы, танымалдылығына мән берген жөн. Сапасына да көңіл бөлген дұрыс.
Есенжан ҒИЛМАНОВ, самокат сатушы:
– Басты екі нәрсеге назар аудару қажет. Біріншісі – жақтауы. Ол тегіс, бүтін болуы керек. Ал екіншісі – өндірушінің мобильді қосымшасымен байланысуы керек.
Самокат теуіп жүріп, қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған абзал. Жаяу жүргіншілердің жанында жылдамдықты асырмай, оларды өткізіп жіберген жөн. Полицейлер ондайда жарқын түсті киім киюге кеңес береді.
Нұрлан ӘБУ, Атырау қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:
– Самокатты жаяу жүргіншілер жолы мен велосипедке арналған жолдарда айдауға болады. Егер олар жоқ болса, автокөлік жолының оң жақтауына шықса болады. Велосипедтен айырмашылығы – жол ортасында жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ, жол көлік оқиғасына әкеліп соқпас үшін ашық түсті киім киген жөн.
Бір қуантарлығы, бүгінге дейін самокатты тізгіндеген атыраулықтардың ешқайсысы жол-көлік апатына ұшырамаған. Полицейлер оңды статистиканың сақталуы үшін жол ережесін естен шығармауды ескертеді.