Caspianlife, 1 маусым. Атырау облысында 1500 көрерменге арналған көпфункционалды «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы бастау алды.
Халықаралық талаптарға сай салынатын жаңа нысан “Нұрсая” шағынауданында 4,6 гектар аумақта бой көтермек. Іргетасқа уақыт капсуласын салу рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығы, спорт ардагерлері мен спортшылар қатысты. Облыс әкімі жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында салынып жатқанын атап өтті.
– Бүгінде облыста тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Өңірде спортты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр сегіз спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 22 нысанды ашу жоспарланған. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. «Атырау Аренада» 20 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады. Бұл кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады деп сенемін, – деді Серік Шәпкенов.
Кешен EPC келісімшарты негізінде салынады. Мердігер «Әлем құрылыс» ЖШС жобалаудан пайдалануға берілгенге дейінгі толық жұмыс цикліне жауапты. Жобада әр спорт түрі бойынша халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи жаттығу залдары қарастырылған. Нысан пайдалануға берілгесін екі мыңға жуық бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады. Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, құрылысқа 400-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылады.
– Құрылысты 2027 жылғы қарашада аяқтау көзделген. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, үстел теннисі, садақ ату, бокс, таэквондо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, семсерлесу, триатлон және өзге де спорт түрлері бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Сонымен қатар жасанды өрмелеу қабырғасы салынады, бұл елімізде санаулы кешенде ғана бар. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 5000 шаршы метрлік әмбебап спорт залы болады, – деді Нұрсұлтан Жыланбас.
Кешен базасында оқу-жаттығу жиындары, республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ бұқаралық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді болатын жаңа нысан Атырау облысындағы ең ірі спорт орталықтарының біріне айналмақ.





