CaspianLife, 1 маусым. ExxonMobil компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» Қашаған кен орнындағы игерілмеген қорларды бірлесіп игеру мақсатында ортақ кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, жоба толық жүзеге асқан жағдайда оның бүкіл өмірлік цикліне салынатын инвестиция көлемі 50-70 миллиард АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.
Америкалық мұнай алыбы Қашағандағы қазіргі консорциум жобасына кірмейтін ресурстарды игеру нұсқаларын қарастыруда. Алдын ала мәлімет бойынша жаңа бірлескен кәсіпорын Қазақстан тарапымен тең үлесте құрылуы ықтимал.
Bloomberg бұл келіссөздердің Теңіз кен орнындағы газ өңдеу зауытын салу жоспарларымен де байланысы болуы мүмкін екенін атап өтті. Белгілі болғандай, Теңіз жобасының операторы — Chevron, ал ExxonMobil бұл жобада 25 пайыз үлеске ие.
Қашаған соңғы бірнеше онжылдықтағы әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі саналады. Кен орнын North Caspian Operating Company консорциумы игеріп жатыр. Оның құрамына ҚазМұнайГаз, Eni, Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC және Inpex кіреді.
Қазақстандық қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұл ықтимал келісімді соңғы ондаған жылдағы мұнай-газ саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі болуы мүмкін деп бағалады. Оның айтуынша, егер ақпарат ресми түрде расталса, бұл Қазақстан энергетикасы үшін маңызды оқиғаға айналады.
Сонымен қатар сарапшы жобаны жүзеге асырудың құқықтық тұрғыдан күрделі екенін атап өтті. Себебі Қашаған кен орны 2041 жылға дейін күшінде болатын өнімді бөлу туралы келісім негізінде игерілуде. Сондықтан қорлардың бір бөлігін жеке жобаға бөлу консорциумның басқа қатысушыларының мүддесіне де әсер етуі мүмкін.
Рысмамбетовтың пікірінше, ExxonMobil компаниясының Қашағандағы қызметін кеңейтуге қызығушылық танытуы Қазақстанның энергетикалық секторындағы позициясын нығайтуға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегияны көрсетеді.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қашаған кен орнында 18,2 миллион тонна мұнай өндірілген. Ал 2026 жылдың басынан 18 мамырға дейін тағы 6,6 миллион тонна мұнай өндірілді.

