CaspianLife, 28 мамыр. Қызылқоға ауданында бүтін бір отбасының өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша негізгі сот отырысы басталды, деп хабарлайды Caspian News телеарнасы. Іс бойынша басты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев сот алдында жауап беріп, қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты өз нұсқасын айтты.
Сот отырысында айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірмегенін, оқиға өзін-өзі қорғау барысында болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, арада жанжал туындап, марқұмның арандатушылық әрекетінен кейін абайсызда қылмыс орын алған.
Сұлтан Сәрсемалиев отбасындағы келіспеушіліктердің жұбайы Ақбаянның денсаулығына байланысты өршігенін де айтты. Оның сөзінше, 2024 жылдың шілде айында жұбайы инфекциялық ауруханаға түскен кезде, ата-енесі өзін қасына жібермеген. Айыпталушы бұл жағдайды екі отбасы арасындағы араздықтың басталуына себеп болғанын жеткізді.
Алайда жәбірленуші тарап бұл мәлімдемелермен келіспейді. Марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағанбетова сотта күдіктінің сөздері шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның айтуынша, Ақбаян мен Сұлтанның арақатынасының бұзылуына күдіктінің басқа адаммен көңіл қосуы себеп болған.
Жәбірленушілердің мәліметінше, Наурыз Мұқанғалиев өлтірілгеннен кейін Сұлтан Сәрсемалиев оның телефонын пайдаланып, туыстарына жалған хабарламалар жіберіп отырған. Онда марқұмдардың Ташкентке емделуге кеткені, жақын арада оралатыны және Наурыздың үйленетіні туралы түрлі сылтаулар айтылған.
Туыстары ұзақ уақыт бойы олармен видеобайланыс арқылы сөйлесе алмағаннан кейін күдіктене бастаған. Сонымен қатар күдіктінің үйдегі малдарды сатуға шығаруы да олардың күмәнін күшейткен. Осыдан кейін марқұмдардың жақындары іздеу жұмыстарын бастаған.
Сот барысында Әдемі Шылмағанбетова күдіктінің адамдармен тікелей сөйлесуден қашқақтап, үнемі көзге түспеуге тырысқанын да айтты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы қылмысты жасыру мақсатында марқұмдардың жеке құжаттары мен заттарын иемденіп, олардың атынан несие рәсімдеген.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемалиевке 13 бап бойынша айып тағылып отыр. Негізгі сот отырысында жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу жалғасуда.



